Шымкенттегі білім беру нысандарының құрылысы аяқталуға жақындады
Шымкент қаласында жылдың соңына қарай бірнеше білім беру мекемесінің құрылысы аяқталады. Осыған орай бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов мектептердің құрылыс барысын бақылап, жасалып жатқан жұмыстардың сапасын көріп қайтты.
Қала әкімі алдымен қосымша салынып жатқан оқу орындарына барды. Бүгінгі таңда Тұрсынбаев көшесіндегі № 84 мектептің қосымша құрылысын «AQ ORDASY» корпорациясы ЖШС жүргізуде. Мердігер компания құрылысты 25 желтоқсанда аяқтауды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта жер жұмыстары мен іргетас аяқталды, плиталардың 70% және қабырғалардың 90% орындалды.
«Өмірзақ» ЖШС бас мердігері жүзеге асыратын №17 мектептің қосымша құрылысы наурыз айында басталды. Құрылыс жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Айта кететін болсақ, №17 және 84 мектептердің құрылысы “Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
Сондай-ақ Мұрат Дүйсенбекұлы Бекет батыр мен Тәшенов көшелерінің қиылысында салынып жатқан көркемөнер мектебінің құрылысымен танысты. Құрылыстың бас мердігері «РСУ-1» ЖШС болып табылады. Бас корпус және ішкі сылақ жұмыстары 100%, ал абаттандыру жұмыстары 90% орындалды. Мердігер компания құрылысты осы жылдың желтоқсан айында аяқтауды жоспарлап отыр.
Жалпы, жыл соңына дейін Шымкентте 5100 орындық 9 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Қазіргі уақытта 1200 орындық 2 мектеп және 300 орындық 2 мектеп пайдалануға берілді.
Қарашадан желтоқсанға дейін әрқайсысы 300 орындық №17, 63, 84 мектептер мен бір көркемөнер мектебін пайдалануға беру жоспарлануда.